Жамбылда 7 млрд теңгеге жуық қаражатқа дәрілік заттар жеткізіледі

20 Қыркүйек 2020, 20:17
1035
Бөлісу:
Жамбылда 7 млрд теңгеге жуық қаражатқа дәрілік заттар жеткізіледі

Жамбыл облысы. BAQ.KZ тілшісі. COVID-19 бүкіл әлем елдерін әлекке салғанын көрдік Қазір қарт құрлық Еуропада жауын-шашынды кезең ерте басталып, дерт қайта өрши бастады. Әлемдегі ахуалды бақылап, барлық ақпаратқа құлағы түрік отырған вирусолог мамандар арқаны кеңге салуға болмайтынын ескертіп-ақ жатыр. Елде індеттің жаппай таралуы бәсеңсігендей болғанымен, келер қауіп азайған жоқ.

Дәрі-дәрмек тапшылығы туындамасын десек...

Алғашқыда қателік қай тұстан басталды? Дерт дендегенде, дәрі-дәрмек тапшылығы туындады. Емдеу мекемелеріне қажетті дәрілік препараттардың уақтылы жеткізілмеуінің салдары неге әкеліп соққаны мәлім. Кейін дәл сол уақытта ірі қалаларда еліміздегі бірыңғай дестрибьютер «СК Фармация» қоймасындағы дәрілердің толып тұрғаны анықталды. Міне, алдымен бақылауға алатын мәселе – осы.

Аталған компанияның өңіраралық филиалы Шымкент қаласында орналасқан. Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарының емдеу мекемелеріне келетін тапсырыс алдымен сонда жеткізіледі. Сол жерден өңірге тиесілісі Таразға тасымалданады. Осы орталықтағы қойма одан әрі 78 медициналық ұйымға берген сұраныстарына сай, қажетті дәрі-дәрмектерін таратып береді.

Бірыңғай дистрибьютор дертке қарсы дәрі-дәрмектің бір айлық қорын жасақтаған. 15 қыркүйектен бастап ауруханаларда екі айлық қажеттілікті өтейтін препараттар қорын әзірлеу үшін қызу тасымалдау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жалпы құны 245 миллион теңгені құрайтын сұранысқа ие дәрі-дәрмек түрлері жедел сатып алынуда. Бір ғана қыркүйек айында 285 миллион теңгенің препараттарына тапсырыс берілген.

Дегенмен, бұл тапсырыс маусым-шілде айларындағыдай індет жұқтырған науқастар көбейіп кетсе, емдеу шараларына толық жете ме? Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирустың болжалды екінші толқынына дайындық мәселесіне ерекше назар аударып отыр.

Өткен аптадағы кездесуде Президент осыны айрықша бақылауда ұстауды тапсырды. Өңірде дәрі-дәрмек тапшылығы болмауы керек! Дәрі-дәрмектердің қолда бар қорын тұрақты негізде салыстырып, шұғыл қажеттілігі бар препараттар бойынша зерделеу жүргізілуі тиіс, - деген ол «қызыл аймақтарға», сондай-ақ жергілікті жерлерде дәрі-дәрмектердің болжамды қажеттіліктеріне талдау жүргізуді тапсырған.

Жалпы «СК Фармация» ЖШС бүгінде өңірдегі 78 медициналық ұйыммен 673 келісімшартты бекіткен. Оның жалпы құны 6,7 миллиард теңгені құрайды. Бірыңғай дистрибьютор бүгінге дейін өңірдегі стационарлардың тапсырысы бойынша жалпы құны 5,5 миллиард теңге болатын дәрілік заттар мен медициналық жабдықтарды жеткізіп берген. Облыстың инфекциялық және провизорлық орталықтарына таратылған коронавирустық инфекцияны емдеуге арналған 81 түрлі дәрілік заттардың құны – 709,6 миллион теңге.

«СК-Фармация» ЖШС-нің облыс бойынша өкілдігінің төрағасы Айжан Тортаеваның мәліметінше, антибактериялды препараттардың 12 түрі, антикоагулянттар, кортикстероидтар, седативті препараттар, анальгетиктер, миорелаксанттар, иммунодепресанттар мен дәрумендерді тасымалдаған.Тегін кепілдендірілген медициналық көмек көлемі мен міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі шеңберінде амбулаторлық деңгейде 25 медициналық ұйым атынан құны 7,1 миллиард теңгеге тегін дәрілік заттарды жеткізу бойынша алдын ала өтініш түскен. Сұраныстың 98 пайызы қанағаттандырылыпты.

Тұмауға қарса екпе – инфекциямен күрестің тиімді жолы

Жұқпалы аурулардың кез-келген түрінің жаппай таралуының салдары қоғамда әлеуметтік мәселені туындатары сөзсіз. Ал оның алдын алудың ең тиімді жолы – медициналық қызметтің баршаға бірдей қолжетімді ету. Ол үшін, әрине, бастапқы медициналық көмек көрсететін пункттердің, амбулаторлық деңгейде қызмет ететін емханалардың жұмысы жүйелі болуы тиіс. Тараз қаласындағы №5 емханада короновирустың екінші толқыны бола қалған жағдайда індет жұқтырған науқастарды бірден оқшаулау жолы қарастырылған. Егер емделушілерден дене қызуы анықталса, басқа есіктен кіріп, бірден оқшаулау бөліміне жеткізіледі. Сондай-ақ емханада ұзын-сонар кезек қалыптастырмау үшін CALL-орталығында бір мезетте 8 операторға тиісті міндеттер жүктеліп, дәрігерге электронды жазылу да жолға қойылыпты. Осы емхананы таңдаған тараздықтардың 93 пайызының электронды денсаулық құжатының базаға енгізілуі де, «анда бар, мұнда бар» деген әрлі-бері сабылтуға тоқтау болып тұр.

Қазір өңірдегі барлық емхана, амбулаторияларда тұмауға қарсы екпе науқаны жүріп жатыр. Күз – жедел респираторлық инфекциялардың өршитін кезеңі. Бұған ауа райының құбылмалылығы да себеп болатыны түсінікті. Мұндайда дәрігер кеңесінсіз жөнді-жөнсіз антибиотиктер қабылдап, иммунитетті әлсіретіп алмау жағын ойлаған жөн. Өзі әлсіз адам короновирусқа төтеп бере алмауы мүмкін.

«Ең дұрысы – тұмауға қарсы екпе салғызу» дейді мамандар. Осыны ескерген ақ халаттылар емханаға қарасты 8 мектеп, 15 балабақшадағы балалардың ата-аналарына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатқан көрінеді. 15 қыркүйекте басталған екпе науқаны қараша айында толықтай аяқталуы тиіс.

Жамбыл облыстық көп бейінді балалар ауруханасына жергілікті бюджет және демеушілердің көмегімен 36 өкпені жасанды желдету аппараттары алынған. Емдеу мекемесіндегі реанимация бөліміндегі төсек саны – 36. Бұл дегеніңіз, ауыр халдегі науқастарды енді жасанды жолмен оттегімен тыныстандыруда мәселе туындамайды деген сөз.

Аурухананың бас дәрігері Азат Сәтжанов өздерінде коронавируспен ауыратын науқастарды емдеуге арналған дәрі-дәрмектердің екі айлық қоры бар екенін айтты. Мекеме «СК-Фармация» ЖШС-мен 266 миллион теңге сомасына дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды жеткізуге 31 шарт жасасыпты.

4 станса оттегімен қамтамасыз етеді

Дертке қарсы күресте маңыздысы – дәрі-дәрмектің жеткілікті қорының болуы. Маусым-шілде айларында науқастар көбейіп кеткенде көптеген олқылықтар осы дәрілік препараттардың жеткіліксіздігінен туындады. Сондықтан дәріханаларда екі айлық қордың сақталуы қадағалануы тиіс.

Жамбыл облысының басшысы Бердібек Мәшбекұлының сөзінше, Денсаулық сақтау министрлігі мен «СК-Фармация» тиісті дәрі-дәрмекті уақтылы жіберіп жатыр.

Соған қарамастан олармен жұмысты күшейтуіміз керек. Алдағы уақытта облыстағы ауруханаларды тексеріп, қоймаларындағы дәрілердің қанша екенін зерделеу қажет. Себебі, алда індетке қанша адамның шалдығатынын білмейміз. Ал короновируспен ауырғандар саны тағы артса, дәрі-дәрмек жете ме?! Жаздағыдай сан соғып қалмау үшін қазірден осыған мән берген жөн, - дейді аймақ басшысы.

Екінші мәселе – кадр жетіспеушілігі. Өңірде 200-ден астам дәрігер жетіспейді. Осының шешімін табу үшін С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті мен жергілікті әкімдік меморандум жасасқан. Алдағы уақытта өңірден оқу орнының филиалын ашып, онда резидентурадан өткен мамандар осы тапшылықтың орнын толтыратын болады. Бұған дейін зейнет жасындағы дәрігерлер мен медициналық университеттердің жоғары курс студенттері жұмысқа тартылмақ.

Коронавируспен ауырған науқастарды емдеу үшін өңірде 2530 төсек-орын дайындалыпты. Қазіргі таңда Тараз қаласы мен Т.Рысқұлов ауданындағы екі аурухана күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Ондағы мақсат – науқастар саны артып кеткен жағдайда қажетті орынның дайын болуы. Бұдан кейінгі тағы бір мәселе – ауруханаларды қажетті жабдықтармен және оттегілермен қамтамасыз ету.

Сала мамандарының айтуына қарағанда, өңірде оттегі қоры жеткілікті, алдағы уақытта тағы 4 станса ауруханаларды оттегімен қамтамасыз етеді.

Өзгелердің жаңалығы