Жамбыл облысында халыққа қауіп төндіретін 14 су қоймасы бар

19 Қаңтар 2021, 04:39
1492
Бөлісу:
Жамбыл облысында халыққа қауіп төндіретін 14 су қоймасы бар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жамбыл облысы аумағында халыққа қауіп төндіретін 14 су қоймасы бар. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы, азаматтық қорғау полковнигі Ермек Момбаев айтты, деп хабарлайды jambylinfo.kz.

Жалпы облыс бойынша бірнеше елді мекенге қауіпті саналатын су қойма саны 14-ті құрайды. Олардың негізгілері – «Теріс-Ащыбұлақ», «Тасөткел», «Қақпатас», «Ақкөл», «Ынталы», «Қарақоңыз» және Қырғызстандағы «Киров» су қоймасы. Аталған су қоймаларының бөгеттері бұзылған жағдайда 234 мыңнан астам тұрғыны бар 72 елді мекенді су басуы мүмкін.

Ермек Момбаевтың айтуынша, табиғаттың тосын мінез танытуынан болатын тасқын мен еріген қар суынан тағы 38 елді мекенді су басуы мүмкін. Су басуға себеп ретінде Шу, Талас, және Аса өзендерінің арнасынан асуы, яғни су деңгейінің көтерілуі болмақ. Ал тау бөктеріндегі елді мекендерге еріген қар мен жаңбыр суы қауіп төндірмек.

Су тасқыны қаупін азайту мақсатында «Су тасқыны қатерлерінің алдын алу және жою жөніндегі 2017-2020 жылдарға арналған шаралар кешені» жол картасы бекітілген. Ол бойынша облыстағы елді мекендерді су тасқынынан және еріген сулардан қорғау үшін 26 учаскеде жағалауды қорғау жұмыстарын жүргізу жоспарланды, – деді департамент басшысы.

Бұл бағытта бөлінген қаржы да қомақты. Мәселен, 7,442 млрд теңгеге 3 нысан республикалық бюджет есебінен жөнделсе, қалған 30 нысанға 356 млн теңге жергілікті бюджеттен жұмсалған.

Айта кетейік, аймақта соңғы 5 жылда су тасқыны мен жерасты суының көтерілуіне байланысты 7 оқиға тіркелген. Салдарынан Қордай, Жамбыл, Т.Рысқұлов аудандарында 104 тұрғын үй ауласы, 25 тұрғын үй ғимараты су астында қалған болатын.

Ал биылғы жылдың 12 қаңтарында Майтөбе ауылында еріген қар суынан тасқын болды.

«Тараз-Қаратау» облыстық маңызы бар автожолдың 75 шақырымында болған оқыс оқиға елді мекенге аса қауіп төндірген жоқ.

Өзгелердің жаңалығы