Жарасбай Сүлейменов: Ауыл бұрын қазақтың мақтанышы еді, бүгін бас ауруына айналды

7 Қараша 2020, 10:32
3772
Бөлісу:
Жарасбай Сүлейменов: Ауыл бұрын қазақтың мақтанышы еді, бүгін бас ауруына айналды

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Белгілі қоғам қайраткері, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің төртінші шақырылымында депутат болған, танымал журналист-жазушы Жарасбай Сүлейменовпен сұқбаттасудың сәті түскен еді.

Жарасбай Қабдоллаұлы қазіргі қоғамда қалыптасқан түрлі келеңсіз жағдайлар мен үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуден бастап, тіл мәселесі, қазақылық, саясаттағы жағдайлар мен ауыл мәселесін қозғады.

- Қазіргі кезде қазақ болуға үрке қарайтын топ пайда болып келе жатқан секілді. Жалпы, қазақ болу мен қазақстандық болудың айырмашылығы жайлы айтыңызшы?

- «Қазақ болуға үрке қарайтын топ пайда болып келе жатқан секілді» дейсіз, ол пайда болып келе жатқан жоқ, менің ойымша, біздің көптеген бауырларымыз, қандастарымыз әлдеқашан қазақ болудан қалған. Оның себебі көп. Бәріміз айтамыз, «70 жыл бойы бодандықта, мына іргеміздегі алып көршіміздің ықпалында болып келдік» - деп. Ол 70 жыл ғана емес, оның ар жағында бәлен ғасыр жатыр. Біздің ұлтымыздың қалыптасуына, қазақ ретінде сақталып қалуымызға бұның да кері әсері тиді. Оның үстіне қазір әлемнің есігі ашылып жатқан кезде біздің тек орыстарға ғана емес, еуропалықтарға, басқа да халықтарға еліктейтін жастарымыздың қатары көбейіп кетті.

Бұрын аналарымыз бір ерсі қылығымызды байқап қалса, «орыс боп кеттің бе?!» деп ұрсып тастаушы еді. Бүгін сол сөздің мағынасына мән беріп отырсам, онда сол өзге ұлттардың жаман әдеттерінен өз ұрпағын қорғау мақсаты жатыр екен. Мысалы, асығыста шайды, берген айранын асығыс-үсігіс, түрегеп тұрып ішсек, тізе бүктіріп, отырғызып, тәртіпке шақыратын.

Жаңа да айтып жатырмын, қазақ болудан қалып барамыз. Бұл өте қиын жағдай. Үлкендердің өзі де, орта буын да салтымызды, ата дәстүрлерімізді сақтаудан қалып барады. Ерсі қылықтары өте көбейді. Тілімізді құрметтеуден қалған адамдар көп. Осының бәрін көріп отырып, қашан біз қазақы қалпымызға ораламыз деген мәселе төңірегінде ойлануға тура келеді. Ораламыз ба, орала алмаймыз ба, оны уақыт көрсетеді.

Кейбір мәселелерді айтқан кезде, «бәлен буын ауысу керек» дейміз ғой. Ал біздің қазақылығымызға оралуымыз үшін, бәрі керісінше болатын секілді. Буын ауысқан сайын сол өзіміздің ұлттық болмысымыздан, бітімімізден алшақтай беретін сияқтымыз. Маған солай көрінеді. Қателесіп отыруым да мүмкін.

Жалпы қазір «қазақ» деген сөз бен «қазақстандық» деген сөз қатар айтылып жүр. «Қазақстандық» деген сөзді естігенде менің ойыма баяғы кеңес заманындағы «интернационалист» деген сөз оралады. Бізді солай тәрбиеледі. Бірақ біз «интернационалит» бола алған жоқпыз. Өйткені, оның табиғаты бөлек дүние екен. Қазір соған көзіміз жетті. Қанша жыл бірге тұрсақ та, бір мақсатқа бағыттаса да, әркімнің өз қанына тартатыны белгілі болды. Бізде де қазір мына Теріскейде өзге ұлттардың өкілдері көп. Солардың көбімен араласамыз, кездесеміз, әңгімелесеміз. Қазақстанды «Отаным», «Туған жерім» деп елжіреп отыратындары аз.

Қазақ болғаннан кейін, бүгінгі қазақ кешегі қазақтан өзгеше болу керек. Бүгінгі қазақ – мемлекет құраушы ұлт. Сол себепті де қазаққа үлкен жауапкершілік жүктеліп отыр. Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдері қазаққа қарап ой түзеп, бой түзейді. Бірақ біз соны кейде түсініп жатқан жоқпыз. Біз өзіміздің соңымыздан ерген, маңымызға топтасқан этностардың өкілдерін керемет қасиеттерге баулып жатқан жоқпыз. Ал қазақ деген – шын мәнінде ұлы халық. Қазақтың бойында өзге ұлттарда жоқ неше түрлі бекзат қасиеттер бар.

«Қазақ» дегенде менің көз алдыма сонау өткен ғасырдың 60-70 жылдарындағы ауыл оралады. Ақ жаулықты әжелеріміз оралады. Аталарымыз қандай адамдар еді?! Өзіміз «Бәйтерек» деп әспеттеп жатамыз ғой, шын мәніндегі бәйтерек, қайыспас қайсар мінезді, тек еңбекпен ғана тыныстаған қарттар көз алдыма келеді. Сондай қарттардың алдын көрдік.

Өзім «Біздің ауылдың шалдары» деген хикаят жазамын деп бір кездері өмірде болған ақсақалдарымыз жайлы естеліктерді жадымда жаңғыртқан едім. Сонда қарап отырсам, сол кісілер таң атқаннан күн батқанға дейін тізе бүкпей, бел шешпей еңбек етіп, барлық өмірін еңбекке арнапты. Мысалы, менің әкемнің өзі демалыс дегенді білмей өтті өмірден.

Жақсы дәстүр, жақсы көңіл бәрі ұмытылып барады. Көрші мен көрші қалай сыйласатын еді?! Ағайын-туыс қалай араласушы еді?! Қазір соның бірі жоқ. Тіпті, басқасын былай қойғанда, бірге туған адамдардың өзі бірін-бірі аса іздеп жатқан жоқ. Қоғамда жатбауырлық пайда болды. Бұл да біздің ұлтымызға тән дүние емес еді.

- Бізге ешкім «қара аспанды төндіріп отыр» дей қоймас. Дегенмен, өзіңіз атап отырған ұлттық мәселелерді дер кезінде шешпесек, енді бір 50-60 жылдан соң ұлт ретінде жойылып кетпейміз бе? Тіпті, жойылмасақ та, қазақы қалпымыздан ажырап қалмаймыз ба?

- Иә, дұрыс айтасыз. «Жауырды жаба тоқуға болмайды». Жалпы біз бүгінгі таңда көп мәселелерде адасып қалып жатырмыз. Мысалы, отбасы, шаңырақ жайына тоқталсақ. Халқымыз «Ел болам десең, бесігіңді түзе» дейді ғой. Біздің қазір бесігіміз де оңып тұрған жоқ. Отбасның өзі түсініксіз жағдайға тап болып отыр. Мен талай жерде айтып жүрмін, отбасында әке-шешесі, бала-шағасы болып дастархан басында бірге отырып, баяғыдай әңгіме-дүкен құру жоқ қазір. Қазір барлығының аңсары телефонға ауып тұр. Отбасына осы қара телефон іріткі салып жатқандай көрінеді маған. Әке-шешенің сөзіне құлақ асатындар жоқтың қасы.

Қазіргі жастардың арасында қатыгездік құбылыстары жиі байқалады. Жалпы қоғам қатыгезденіп барады. Өзім журналист болғандықтан анда-мұнда іс-сапарларға шыққанда қарттар үйіне, жетімдер үйіне жиі барамын. Сонда байқағаным – қарттар үйінде көздері жәудіреп отырған біздің бауырларымыздың көбінің бала-шағасы бар. Әке-шешесін көзі тірісінде көзін жәудіретіп қарттар үйіне қалдырып кеткен Бұл ешқандай ақылға симайтын жағдай. Қазақта ондай болып па еді, мысалы?!.

Өмір болған соң ауылда да неше түрлі жағдай болады. Жас кезімізде талай рет көрдік. Кейбіреулер отбасын құра алмайды, кейбіреулер түрлі себеппен жетім қалады. Бірақ соларды ағайын-туыс, ел-жұрты жетімсіретпеген. Кәдімгі өз отбасының бір мүшесіндей асырап-сақтап, жетілдірген. Қазір осының бәрі тәрк болды. Бұл бір ғана мысал.

Енді осындай жатбауырлық қайдан шығып жатыр дегенге келер болсақ; біздің жастарымыз кітап оқымайды, газет-журналды қолдарына алмайды. Бұл да үлкен кемшілік. Өйткені, оқымаған адамның ой-санасы жетілмейді. Түсінігі төмен күйінде қалады. Қазіргі әлеуметтік желілердің, интернеттің бергені – ол керісінше біздің жастарды аздырып жатыр. Теріс жолға бастап барады. Себебі, ондағы дүниенің бәрі өсек-аяң, неше түрлі керексіз, басы бар, аяғы жоқ әңгімелер, жүйесіз сөздер. Бұның бәрі біздің жастарымызды кәдімгі саңырау, мылқау, сақау қылатын дүниелер. Қазір қарап отырсаңыз көп жастарымыз екі сөздің басын құрап, дұрыс әңгімелесе де алмайды, әңгімеге араласа алмайды. Бұл – үлкен кемшілік.

Біз нағыз қазақтың бейнесін көргеміз, білеміз. Қазақ – шешен болған. Небір дана сөздерді білген. Қазіргі жастар мысалы, сол бабаларымыздан қалған ұлы мұра – мақал-мәтелдерді оқи ма?! Оқымайды. Білмейді. Ал сол мақал-мәтелдерде, әдебиетте үлкен өмір жатыр. Ой жатыр. Тәрбие жатыр. Осыларды білмегеннен кейін біз қалай ұлт болып, қалай туған тілімізді сүйіп, қадірлейміз, құрметтейміз?!

Кітап оқуға қатысты, мысалы қазір жастар бұл құндылықтан бас тартқандай болып барады. Бұл өте үлкен қателік, түсінбеушілік. Жас кезімізде, бала кезімізде кітапты таласып оқушы едік. Ауылдағы шағын кітапханада, ол кезде кітап қоры да шамалы еді, қолдан-қолға өткен кітаптардың мұқабасы мүжіліп, беттері сарғайып қалатын. Егер бір қызықты кітапты өзіміз теңдес балалардың бірі алып кетіп, соны екі-үш күн оқып, қайтармаса, соңынан іздеп барып, «тезірек оқысаңшы» деп өтініш жасайтын едік.

Қазіргі кезде ауылдардағы, елді мекендердегі кітапханаларға барамын. Сонда байқайтыным, кітап деген өте көп. Мемлекеттік тапсырыспен, басқа да жолмен шығып, ауылдарға жетіп жатқан неше түрлі кітаптар бар. Сапасы да айтарлықтай жақсы. Бірақ соларды қарап тұрсаңыз, адам қолы тимегені көрініп тұрады. Кітапханашылардан «оқырмандарыңыз бар ма?» деп сұраймын ғой. «Бар» дейді күмілжіп. Алайда, сөрелерде сіресіп тұрған кітаптарға ешкімнің қолы тимегені соны оқитын адамдардың қатарының сирек екені аңғарылады. Бұл да үлкен мәселе.

Сондықтан билік бар, зиялы қауым бар осындай көкейкесті мәселелерді жедел қолға алмаса, нақты істермен көркейтпесе жай сөзбен айтыла береді. Көбік сөз аз емес, уәде көп. Бәрі ұраншыл. Жастарымыздың көбі әсіре шаралардың жетегінде жүреді. Ондай шаралар не береді, не беріп жатыр?! Мысалы бізде «Nur Otan-ның» жанында, басқа да ұйымдарда «жастар қанаты» деген бар. Солардың бәрі не істеп жатыр?! Қайтарымы мол қандай бір игі іс тындырды?! Ешкім білмейді. Біз мақтаншақтық, даңғойлық, асыра сөйлеу, секілді жағымсыз қасиеттерден арылуымыз керек. Өкініштісі, қазіргі көп жастарымыз осындай жолмен кетіп барады.

Тәуелсіздік алғанымызға да міне, 30 жыл өте шықты. 30 жыл деген аз уақыт емес. Осы 30 жылдың ішінде мемлекеттік тілге қатысты мәселелерді бір арнаға келтіруге болатын еді. Бірақ олай болмады. Тіліміз әлі де сол өзінің өрісін таба алмай отыр. Әлі де тынысы тар. Егер осылай жалғаса берсе, біз 50-60 жыл емес, бетін аулақ қылсын, ұлт болудан қаламыз. Тіпті ұлт ретінде жойылып кетуіміз де мүмкін. Шындыққа тура қарауымыз керек. Осы мәселелерді біздің билік, депутаттар, үкімет басында отырғандар түсінуі керек. Осы мәселелермен нәтижелі түрде айналысулары керек.

Иә, олар саяси-экономикалық мәселелермен айналысып жатыр. Алайда, негізінде қоғамның іргетасы ол – руханият. Ұлттың рухы мықты болмаса, атқарылып жатқан жұмыстардың ертең ешқандай қайтарымы болмайды. Бізде ұлтқа жаны ашитын «ұлтым!», «елім!», «жерім!» деген азаматтар биліктің басында болуы керек. Мысалы, парламентті алып қарасаңыз, ол жерде тіл мәселесін қозғайтын, ұлт мәселесін қозғайтын екі-үш қана азамат бар. Ал қалғандары жұмған ауыздарын ашпайды. Бұдан кейін қалай ел боламыз?!

- Ауылдағы мәселенің де шетін шығардыңыз ғой. Осыған сәл көңіл аударайықшы. Бәріміз «ауыл – қазақтың бесігі, руханиятымыздың мәйегі» дегенді жиі айтамыз. Шынымен ауыл біздің рухани өміріміздің бастауы ма? Егер ауыл қазақтың бесігі болса, жастар неге сол ауылды тастап кетіп жатыр?

- Кезінде қазақтың мақтанышы болған ауыл – бүгінгі таңда қазақтың бас ауруына, қайғысына айналып отыр. Әрине, ауыл – шын мәнінде қазақтың бесігі, алтын қазығы болған. Тәрбие де, жақсылық та, мейірім де, адамға тән бүкіл жақсы қасиеттер сол ауылдың топырағынан тараған. Қазақтың талай ақсұңқар ұлдары кезінде сол ауылдан түлеп ұшқан. Ал бүгінгі таңда ауыл дегенде көңіліміз құлазып сала береді.

Басқа өңірлерді білмеймін, мына Солтүстік Қазақстан облысында көптеген ауыл жүдеп-жадап қалды. Әсіресе, қазақ ауылдары қазіргі кезде қиын кезеңді, мүшкіл қалді бастан кешіп жатыр. Мұның себебі менің ойымша, жекешелендіру басталған кезде ауылда тұрып жатқан ағайындарымыз заманның өзгере бастағанын, нарықтың өз талаптары бар екенін ескермеді. Сол баяғыдай бейжай, жайбарақат «үкімет бар, солар мәселемізді шешеді» деп баяғы кеңес заманындағыдай көп уақытты босқа өткізіп алды. Ең бастысы – жерден айырылып қалды. Қазіргі келіп жатқан қалталы азаматтар ауылдың жағдайын көтереміз, ауылды гүлдендіреміз деп жатқан жоқ. Егінін салады, жинап алады, ауыл тұрғындарына аздап бірдеңе татырған болады, сөйтіп өз ұпайларын түгендеп жатыр.

Ауылда жұмыс жоқ. Жұмыс болмаған соң жастар қайдан ауылға тұрақтасын.Қалаған жағына кетіп жатыр. Мен кезінде «Ауылдан көшпе, ағайын!» деп мақала да жазған едім. Сол кезде ауыл іргесі сөгілмегенде көп мәселе біртіндеп шешімін табар еді. Ауыл өзінің сол баяғы қазақы қалпын сақтап қалатын еді. Ол болмады.

Дегенмен, әлі де іргесі бүтін отырған ауылдар бар. Жақында облысымыздың Уәлиханов, Ақжар аудандарында болдым. Сол жақтағы ауылдар әлі де алқа-қотан отыр. Ешқайда көшпеген, қандай қиындық болса да шешімін тауып, ауыл болып, ел болып, ағайын болып, талаптанып, талпынып жатыр. Алқатерек деген ауылда жиі боламын. Онда да мәселе жетерлік. Соған қарамастан, ауыл азаматтары ауылды аман сақтап қалды.

Ауылдан көшкен жастар да қалаға келіп, бір рахат өмірге кенеліп жатса жарайды. Көпшілігі кездейсоқ жұмыспен, қара жұмыспен айналысып, базар жағалап, вокзал жағалап күнелтіп жүр. Қала жастарына қарағанда, ауыл жастарының мінез-құлқы да, іс-әрекеті де бөлек. Қалаға келіп көбінің иығы да симай қалып жатқан жағдай бар. Кездейсоқ оқиғаларға тап болып жатқандары да бар. Сондықтан ауылды қайткенде де сақтап қалуымыз керек еді. Қазір білмеймін, енді...

Қазір арнайы жоспарын жасап, болашағы бар ауыл, болашағы жоқ ауыл деп жіктеп, бөліп жатыр ғой. Оның қаншалықты пайдасы барын түсіне алмадым.

Ауылдан айырылғанымыз – ұлтқа берілген үлкен соққы деп ойлаймын. Қазақтың тамыры ауылда. Қазақ ауылмен адам болған, ауылмен қазақ болған. Өз ата салтын, дәстүрін сақтаған. Жақсы қасиеттерін сақтаған. Ал қазіргі ғаламдастыру заманында еліміз сол жаһандануға еріп кетті де, ауыл адасып қалды.

- Өзіңіз де бір кезде депутат болдыңыз, әлі де халқыңызға айтарыңыз, кейінгіге береріңіз мол аға буын өкілісіз. Әрі журналист ретінде қоғамның қай саласының болмасын тамырын тап басатыныңыз жасырын емес. Өзіңіз айтып отырған мәселелерді шешуге, соны қолға алуға, тиісті жеріне жеткізуге депутаттарымызға не кедергі? Ел соларға сенім артты емес пе?

- Парламент депутаттарының негізгі басты міндеті – қоғамға қажетті, сапалы, жақсы заңдардың қабылдануына қатысу, атсалысу ғой. Соған қозғау салу. Бірақ «біздің жұмысымыз тек заң қабылдау» деп отыруға да болмайды. Халық сенім артып, ел сеніп депутат сайлағаннан кейін, олар барлық мәселеге сергек қарауы керек. Әсіресе, қоғам өміріндегі түйткілді мәселелерді қозғап, соның оң шешім табуына атсалысу – менің ойымша, депуттатардың басты парызы болуы тиіс. Алайда, жасыратыны жоқ, біздің депутаттарымыздың көбі мұндай мәселелерден бойларын аулақ салып тұрады. «Бір артық сөз айтсам өзіме кесірі тие ме» деп ойлай ма, басқа есептері бар ма, әйтеуір биліктің айтқанына қарай жығылып тұратын депутаттар көп. Мен өзім депутат болған төртінші шақырылымда да ондай депутаттар болды. Одан кейін де, қазір де жетіп артылады. Мұның бәрі нені көрсетеді?

Мұның бәрі- біздің сол парламент депутаттарын іріктеудегі кемшіліктерімізді, мүмкін, сайлау туралы заңнамалардың әлі жетілмегенін салдары. Бәсекелестіктің жоқтығынан осындай болып жатыр ма? Себебі, қазір партиялық тізім бойынша сайланады. Сол тізімге кімдер кірмей жатыр? Алғашқы кездерде ондай қателіктерге жол берілгенде, оны түсінуге болады. Бірақ одан бері де біраз уақыт өтті ғой. Мысалы, менің ойымша, парламент депутаттарының 50 пайызы партиялық тізіммен сайланса, қалғандары жеке-жеке округтерден бәсекеге түссе дұрыс болар еді. Сол кезде арада бәсеке болады. Ал партиялық тізім... Өткенде «Ақ жолдың» тізімі қандай болғанын ел біледі. Оның ішінде ел алдында беделі бар, ойлы азаматтар, зиялы азаматтар болды. Бірақ, кейіннен соның ешқайсысы депутаттыққа ілікпей қалды. «Нұр Отанның» тізімінде де сондай адамдар өте көп еді...

Сондықтан шын мәнінде халыққа жаны ашитын адамдардың, адал адамдардың, азаматтық ар-ожданын жоғары ұстайтын, таза ұстайтын адамдардың сайлануына, сол жерге баруына күш салу керек.

Қазір жастар мен әйелдерге 30 пайыздық квота беру туралы айтып жатырмыз. Оны да ойластыру керек. Жастың да жасы бар. Біз депутат болған төртінші шақырылымда да жастар болған. Бірақ солардың бір өзекті мәселені көтергенін өз басым естіген жоқпын. Әйелдер де болды. Олар да алға шығып, топ жарып, халықтың сөзін сөйлегенін мен естіген жоқпын. Сондықтан шын мәнінде жан-тәнімен, жүрегімен берілген, сол міндетті терең сезінген адамдарды қолдау керек.

Бізде жасыратыны жоқ біреудің көкесі бар, біреудің қолдаушысы бар, әйтеуір солай депутат болып, бірақ іске араласа алмай қалатын азаматтар аз емес. Сол себепті, жастар мен әйелдердің де жасына шектеу қою керек деп ойлаймын. Мысалы, тым жас, тәжірибесі аз адамдар депутаттыққа барып не бітіреді? Сол сияқты, зейнет жасына толғаннан кейін де ол жерде отырудың ешқандай сәні жоқ.

- Жоғарыда да айттыңыз, жалпы біздің қоғамда, кейінгіге үлгі көрсетіп, сөзін өткізіп, бағыт берер ағалардың азайып кетуінің себебі неде деп ойлайсыз? Көп жастардың алдыңғы буынға көңілі толмайды. Ал алдыңғы буын ағалардың жастарға көңілі толмайды. Бұл нені білдіреді. Ортада рухани байланыс үзілді ме, әлде, басқадай себебі бар ма?

- Жалпы аға буын мен жастардың, жастар мен аға буынның арасындағы түсініспеушілік, бір-біріне көңілі толмауы – ежелден қалыптасқан, сіңісіп қалған құбылыс қой. Бірақ, солай екен деп барлығын іске алғысыз қылуға болмайды. Заман өзгеріп жатыр, уақыт өзінің жаңа талаптарын қойып жатыр. Әркім өз заманының сөзін сөйлейді.

Бізде өзінен кейінгіге үлгі-өнеге болатын, соларға сөзін өткізе алатын, беделді аға буын өкілі жоқ деп үзілді-кесілді айтуға болмас. Олар бар. Сол секілді жастардың арасында да жалындап тұрған, болайын деп тұрған жас өрендер өте көп. Бірақ осы екі күштің бірігуінде, бір мақсатта, бір бағытта жұмыс істеуінде үйлесімділіктің жоқ екені рас. Менің ойымша, қазіргі біздің көптеген жастарымыз менмендеу секілді.

Жастарды көтеру керек, жастарға жол беру керек дегенді жиі айтамыз. Бұл дұрыс. Бірақ соны әркімнің қабілетіне, білімі мен білігіне, тәжірибесіне қарап жасасақ. Мысалы, өзім де 17 жылдай телеарнада, радио саласында қызмет істеген журналист болған соң, телеарналардан байқап отырамын, бәрі демей-ақ қояйын, сызған сурет секілді жастар көп. Өкініштісі сол, ол «суреттердің» өз айтары жоқ. Бұл да дұрыс емес. Мұны айтып отырған себебім, сабақтастық тіні үзіліп қалған ба деп ойлаймын. Әр нәрседе сабақтастық болуы керек. Өмірде де, істе де. Өйткені, алдыңғы толқын өзінен кейінгілерді жақсы үлгісімен тәрбиелеуі керек, өзінің білгенін соларға үйретуі керек, соларды халыққа, елге қызмет етуге баулуы керек. Қазіргі жастардың бойынан осындай бір игілікті пайдаланайын деген ұмтылысты байқамаймын. «Бәрін өзіміз білеміз, біз біліп тұрмыз» деген сияқты оймен жүре ме деп қаламын кейде. Осындай жағдайдан кейін үлкендер де өз-өзінен шеттей береді ғой.

Мысалы, көрші Ресейді алар болсақ, болмаса тілін білмесек те, Еуропаның, Американың телеарналарын кейде қарап отырамыз ғой. Сонда жасы кеп қалған, егде жастағы адамдар хабар жүргізіп отырады. Жасы кеп қалған адамдар үлкен-үлкен ауқымды шараларды өткізіп жатады. Ешқандай ерсілік байқамайсың. Ал бізде, қиылған қасы мен қабағына қарап, сурет секілді қуыршақ адамдарды алға тартамыз да отырамыз. Оларда не ой жоқ, не сөз жоқ. Кейде не айтып отырғанын өздері де түсінбейді. Журналист болған соң көз жіберіп отырып, осындай жайларды байқаймын.

Ал енді жастар мен аға буын арасында келе жатқан түсініспеушілік, көңіл толмаушылық қай кезде де бола береді. Бізге дейін де болған, біздің кезімізде де болды. Бізден кейін де болары анық. Өйткені, бұл – табиғи құбылыс.

- Соңғы сұрағымды қояйын деп отырмын. Айта берсек әңгіме көп қой. Осының өзін бір қорытып алсақ, үлкен олжа. Қазақтың жақсы бір дәстүрі бар еді – сөзге тоқтау деген. Қазір сөзге тоқтауды қойдық. Тіпті, сөздің парқын ұғып, астарын түсінетін адам қалмады. Бұның сыры неде? Тағы сол Кеңес үкіметінің боданы болғанымызға сілтеп қойып отыра беремсіз бе?

- Бұған Кеңес үкіметінің ешқандай қатысы жоқ. Жалпы сөзге тоқтау деген ішкі мәдениеттің деңгейін көрсетеді. Қазір біз мұндай құбылыстарға тап болып отырсақ, демек, бұл біздің ішкі мәдениетіміздің төмендігі. Рухани жан-дүниеміздің кедейлігінің бір көрінісі деп түсінуге болады. Сөзге тоқтау деген ертеден қазақтың қанына сінген қасиет. Үлкеннің алдында кіші тізгінін тартып отырған. Қазір осының бәрі жоқ.

Осы жерде тағы да телеарналарды мысалға алайын. Бәрі өзіміздің әріптесіміз ғой, жандарын қинамай, басқа елдің қаңсығын таңсық көріп, халыққа тықпалап жатыр. Мынау неше түрлі шоу-бағдарламалар, айғай-шу, небір ұятты сөздердің өзін эфирден айтып, ерсі қылық, тіпті шашынан жұлып, төбелесіп жатады. Бұған дейін де талай айтып, жазып жүрміз. Тыйылатын түрлері жоқ. Барлығы арнаның беделі үшін дей ме, рейтинг үшін дей ме, болмаса басқа бір мақсаттары бар ма, әйтеуір қазақ қоғамына, қазақ қауымына тықпалап жатыр. Бұның бәрі бізге жат бағдарламалар. Бұл көріп отырған адамдарға, жастарға не береді? Не тәрбие көрсетеді?! Бірінің бетін бірі жыртып, салғыласып, бірінің сөзін бірі тыңдамай жатады. Қазіргі телеарнаның алдында отырған жас осыны көреді. Осыны өз бойына сіңіреді. Содан кейін ондай әрекеттерді қалыпты жағдай деп қабылдайды. Бұл дұрыс емес.

Мен бұған дейін де сұқбаттарымда айтып жүрмін. Өзге елдің бағдарламаларын көшіріп әкеліп, біздің экрандардан шығару деген мүлде қате. Қазақтың болмысы бөлек, тіршілігі бөлек, табиғаты бөлек. Мысалы, кезінде «Қазақстан» телеарнасында, болмаса «Хабарда» көлемді талдамалық, қоғамға, халыққа ой салатын бағдарламалар болатын. Байыпты, білімді, білікті адамдар келіп, өз ой-пікірлерін айтып, тіпті көп адам жиналатын шоулардың өзінде айғай-шу болмай, әркім өзінің күн тәртібіне шығарылған мәселеге қатысты ой-пікірін айтып, ақыл қорытатын. Қазір оның бірі жоқ. Қазіргі бағдарламалар халыққа тәлім-тәрбие беріп, бағыт-бағдар ұсынып отырған жоқ. Керісінше халықты түсініксіз жағдайға итермелеп отыр. Бәрі у-шу, айтылған сөз соның тасасында қалады. Санаға сіңбейді. Осыны түсінетін мезгіл жеткен секілді.

Қазақтың өз бойындағы ата-бабадан жалғасып келе жатқан ерекшеліктерін сақтауымыз керек. Әсіресе, осының көбі тіл мәселесіне келіп тіреледі. Туған теліміздің мәртебесін көтере алмай, өз деңгейіне жеткізе алмай жатырмыз. Бұл кез келген азаматқа үлкен мін. Менің ойымша, мұның барлығы басшылыққа байланысты. Жақсы, түсінігі мол, халыққа жаны ашитын басшы келсе, көп жағдайды түзеуге болады. Қазір «Болашақта» оқыған, анда оқыған, мұнда оқыған деп біраз адамдарды көтермелеп, билікті қолына беріп жатыр. Солардың өзі не істіп, не қоярын білмей қалатын кездері көп.

- Жарасбай аға, әңгімеңізге көп рахмет!

 

Өзгелердің жаңалығы