Жас жазушылардың жазғанынан білімнің нашарлығы байқалады – Бексұлтан Нұржеке

3 Наурыз 2021, 18:02
1499
Бөлісу:
Жас жазушылардың жазғанынан білімнің нашарлығы байқалады – Бексұлтан Нұржеке

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Талдықорған қаласындағы С.Сейфуллин атындағы облыстық әмбебап кітапханада жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Бексұлтан Нұржекемен әдеби кездесу өтті.

Кездесу барысында жазушы көрермендердің сұрақтарына жауап беріп, қазіргі жас жазушыларға қатысты ойын білдірді.

Қазіргі жазып жүрген жас буынды жамандауға болмайды. Дегенмен олардың жазғанынан да білімнің нашарлығы көрінеді. Ол әдебиет теориясын білмейді немесе менсінбейді. Өткен дәуірдің дүниесі жаңа теорияға бағынбау керек дейді. Теорияға бағынбасаң, не үшін, кім үшін жазып отырғаныңды білуің керек қой. Егер оқырманның көкейіндегі күткенін айтпасаң, несіне жазушы боласың, - деді Нұржеке.

Сонымен қатар ол Қазақстан мықты ел болу үшін білімді арттыру қажеттігін айтты.

Бізде қазір ашаршылық емес, тоқшылық. Соны дұрыс жұмсай білуіміз керек. Бізге білім керек, басқа халықтармен теңесуіміз қажет. Әскерімізбен бәсекелесе алмаймыз, бізге тек біліммен күресу керек. Еуропадағы елдер біздің бір облыстың территориясындай ғана. Соның маңындағы елдерде мынаны басып алайық, байлығын тартып алайық деген мемлекет жоқ. Өйткені онда демократия, ізгілік, ар-ұят бар. Ал біздің көршілеріміз Ресей де, Қытайда жерімізге көз алартады, тіптен бауырым деген өзбек те жеріңе қарайды. Бұл білімсіздік, мәдениетсіздік. Біз сондай мәдениеті төмен ортада тұрмыз. Мәдениетіміз олардан жоғары тұру үшін бізге тек білім керек, - деді ол. 

Биыл 80 жасқа толып отырған жазушының «Жау жағадан алғанда» романы, «Ойұшқын» жинағы, «Өнер құдіреті» еңбегі, «Күтумен өткен ғұмыр» және тағы басқа туындылары жарық көрген.

Өзгелердің жаңалығы