Жастар мәселесі қоғам назарында – басқарма басшысы

23 Қазан 2020, 10:32
5950
Бөлісу:
Жастар мәселесі қоғам назарында – басқарма басшысы

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағанды облысының әрбір бесінші тұрғыны 30 жасқа жетпеген жастар. Жастар мәселесімен өңірде 19 жастар ресурстық орталығы айналысады.

Аймақтағы жас азаматтардың жұмысқа орналасуы, баспаналы болуы, еріктілердің ісі және тағы да басқа жастар мәселелері жайлы облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы баяндаған болатын. 

Аймақта 14 пен 28 жас аралығындағы 266 мың жас азамат тұрады. Бұл облыс тұрғындарының 19,3 пайызы. Оның ішінде қала жастары 77,3, ал ауыл жастары 22,7%-ды құрайды. 2020 жылы жастар саясатын қаржыландыру 6 пайызға артып, 931,4 миллион теңгені құрады. Сонымен қатар, қала мен аудандардың бюджетінен 571,9 миллион теңге көлеміндегі қаржы түскен. Облыс жастарының мәселелерімен 19 жастар ресурстық орталығы айналысады. Жастар ресурстық орталығының психологтары балалар үйінің түлектеріне кеңес беріп, әдістемелік көмек көрсетеді. 

Басқарманың мәліметінше, жыл басынан бері 84 психологиялық, 70 заңгерлік, сондай-ақ, жастарды қолдаудың мемлекеттік бағдарламалары бойынша және жоғарғы оқу орны мен колледжге түсушілерге 77 ақпараттық кеңес берілген. 

Жастар ресурстық орталықтарының жұмысының тиімділігін арттыру үшін жыл сайын семинар-тренингтар ұйымдастырылады. Онда орталықтың жетекшілері мен мамандары жастардың әртүрлі санаттарымен жұмыс істеудің жаңа технологиялары мен әдістерін үйренеді. Семинар-тренингтерге жастар саясаты саласында қызмет ететін республикалық және облыстық деңгейдегі мамандар шақыртылады, - дейді облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Нұржан Жетпісбаев. 

Оның айтуынша, балалар мен жеткіншектердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру, олардың шығармашылық бастамаларына қолдау көрсетіп, салауатты өмір салтын сақтауға шақыруды аула клубтары жүргізеді. Облыста 13 235 баламен және жеткіншекпен жұмыс істейтін 113 аула клубы, 21 балалар мен жасөспірімдердің денемәдениеті клубы бар. 

Аула клубтарының мақсаты балалар мен жеткіншектердің бос уақытын тиімді ұйымдастыру, салауатты өмір салтын сақтауға шақыру, шығармашылыққа баулу, мәдени-ағартушылық шараларды өткізу. Сондықтан да, біз аула клубтарын дамытудың біріңғай тұжырымдамасын дайындап жатырмыз. Бұл аула клубтарының жұмысын жақсартып, оларға қатысушылардың қатарын арттырып, клубқа педагогтар мен еріктілерді тартатын біріңғай қағидаларға сүйемелденетін әдістемелік болады. Аула клубтарындағы бос жұмыс орындарында жұмыс істеуге жаз айларындағы студенттер тартылатын болады, - дейді басқарма басшысы. 

Жыл сайын жастар мен жасөспірімдерді шығармашылыққа, ғылымға, қайырымдылыққа тарту мақсатында әртүрлі шаралар атқарылып, заманауи орталықтар ашылуда, аймақта жастармен жұмыс істеудің жаңа формалары іске қосылған. Басқарма басшысының сөзінше, облыстық жас ғалымдардың кеңесі белсенді жұмыс істеуде, жастардың бастамалары мен ғылыми жұмыстары қаралатын ғылыми-интеллектуалдық клубтар құрылған. 

2020 жылдың басында «Oi Tolgay» жобасы қолға алынып, танымал және жетістікке жеткен тұлғалармен нетворкинг форматында кездесулер ұйымдастырылды. Жыл бойы осындай 12 кездесу өтті. Шілде айында «Youtube» платформасында тікелей эфирде TEDx-конференция өткен болатын. Коворкинг орталықтардың ашылуы жалғасын табуда. Бұл орталықтар жастардың дамуына көп септігін тигізуде. Жақында облыс орталығында «Qoldau» еріктілер орталығы ашылды. Орталық еріктілердің жұмысына қажетті жабдықтармен, тегін ғаламтормен қамтылған. Қазіргі уақытта аймақта 87 мемлекеттік емес ұйым тіркелген. Олар отансүйгіштікке үндеу, бос уақытты тиімді ұйымдастыруға тарту, салауатты өмір салтын сақтауға шақыру, жастар арасындағы кәсіпкерлікті қолдау, шығармашылықты дамыту бағыттары бойынша жұмыс істейді. Сондай-ақ, «Nur-Otan» партиясының «Jas Otan» жастар қанаты, «Қарағанды облысының жастар мен балалар ұйымдарының одағы», «Жарқын болашық», «Жас ұлан», «Жас Орда» және басқа ұйымдар жастар мәселесі бойынша белсенді жұмыс істеуде, - деп атап өтті Нұржан Жетпісбаев. 

Жастардың кәсіпкерлікпен айналысып, өз бизнесін ашуы мемлекет тарапынан қолдауға ие болуда. Жыл сайын қалалар мен аудандардағы кәсіпкерлікті дамыту мен қолдау мақсатында өз бизнесін бастағысы келетін жас азаматтар арасында облыс әкімінің грантына байқау өтеді. Биылғы жылы аймақ басшысының тапсырмасымен осындай 100 грант бөлінген болатын. Жыл басынан бері 50 жас кәсіпкер 1 миллион теңгелік грантқа ие болды, қалған 50 грантқа құжат қабылдау жүріп жатыр. Сондай-ақ, өткен жылы қолға алынған «ZhasProject» жобасы жастар бизнесін қолдауға бағытталған. Жобаның басты мақсаты жастарды қоғамның дамуына тарту. Жоба қатысушылары оқу бағдарламасынан өтіп, ай сайынғы әлеуметтік шәкіртақыны және өз ісін ау үшін берілетін 1 млн теңгені ала алады. 

Сонымен қатар, Саран қаласында «Мамандық» жобасы қолға алынды. Жаңа жоба digital мамандықтарға онлайн оқытып, қашықтықтан жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді. Жоба аясында «Әлеуметтік желілер копирайтингі», маркетинг курстары және басқа да вебинарлар тегін өтеді. «NEET» жобасы да биылғы жылы алғаш рет қолға алынып, 16 мен 24 жас аралығындағы жұмыссыз, білімі жоқ жастарға көмектесуге бағытталды. Қазіргу уақытта аталған жобаның базасында 400 адам тіркелген. 

Мамандар жастарға бос жұмыс орындарын ұсынады. 

Аймақтағы жастар ісіндегі проблемалық мәселе – 16–24 жас аралығындағы білімі жоқ, жұмыссыз жастар болып отыр. 2020 жылы облыс жастары арасыдағы жұмыссыздық деңгейі 5,3%-ды құрады. Жастардың жұмысқа орналасуы, қандай да бір іспен айналысып, кәсіп бастауы үшін ақпараттық-түсіндірме жұмыстары жүргізілуде. Қазан айындағы мәлімет бойынша жұмыспен қамту бөлімдеріне 11 568 жас жұмыс сұрап келген. Олардың 11 209-ы жұмыспен қамтылды. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 11 мыңнан астам жас азамат жұмысқа орналастырылып, 1334 адам жастар тәжірибесіне бағытталды. Ал ауыл аймақтардағы кадр жетіспеушілігі «Дипломмен ауылға» мембағдарламасының көмегімен шешілуде. Аталған бағдарлама бойынша биыл 532 маман ауылға аттанып, біржолғы жәрдемақы мен бюджеттік несиелер алды. Сондай-ақ, жастар «Жасыл ел» қозғалысына да белсенді қатысады. Өткен еңбек кезеңінде «Жасыл ел» қозғалысы аясында 1413 жас жұмыс істеді. Мемлекеттік бағдарламалардан бөлек жұмысқа орналасу мәселесі өз бизнесін бастауға мүмкіндік беретін «Бизнес бастау» жобасының көмегімен де жүзеге асырылуда. Биыл облыстағы 6 жоғарғы оқу орнын 6,5 мың түлек аяқтап, дипломдарын қолдарына алды. Оның 80%-дан астамы жұмысқа орналасты. «Серпін» бағдарламасымен білім алған 634 түлектің 25%-ы, оның ішінде 145 адам облыста еңбекке араласты», - дейді Нұржан Жетпісбаев. 

Оның айтуынша, облыста жетім балалар мен ата-ананың қарауынсыз қалған балаларды баспанамен қамту бойынша кешенді жұмыстар атқарылуда. Осы жылдың қыркүйек айына дейін осындай балаларға 76 пәтер берілген. Сонымен қатар, жастарды мемлекеттік бағдарламаларға қатыстыру арқылы олардың тұрғын жай мәселесін шешуге көмек көрсетілуде. 

Бірақ әлеуметтік пәтерлердің салынуы бұл мәселені толықтай шеше алмайды. Сондықтан да, біз моноқалалардың ірі өнеркәсіптік орындарында жұмыс істейтін жастар үшін жатақхана салу жобасын ұсындық. Қазіргі уақытта облыстың әрбір қаласы мен ауданында жастар саласындағы жағдайды жақсарту бойынша жоспарлар жасалған. Бұл мемлекеттік жастар саясатының барлық бағыттарын қамтитын болады, - деді ол. 

Студент жастарды жатақханамен қамту мәселесі де шешімін тауып келеді. Бүгінгі таңда облыс бойынша 1232 студент жатақханаға зәру, оның 632-сі биылғы жылы жатын орынмен қамтылатын болады. Қалған 600 орындық жатақхананың құрылысы үшін мемлекеттік-жекеменшік серіктестік жобасы аясында инвестор тарту көзделіп отыр. 

Қазіргі уақытта жоғары оқу орындарының студенттері үшін 400 орындық жатақхананың құрылысы жүріп жатыр. Е.А.Бөкетов атындағы ҚарУ-да 132 орындық жатақхана жөндеуден өтуде. Қарқаралы ауданында ауылшаруашылық колледжінің студенттері үшін 100 адамдық жатақхана салынуда, - деді жастар мәселесі жөніндегі басқарманың басшысы. 

Төтенше жағдай мен карантин кезінде облыстың еріктілері белсенді жұмыс істеп, көмекке мұқтаж тұрғындарға қол ұшын созды. Жыл басынан бері еріктілердің бастамасымен 778 акция ұйымдастырылып, 14 мың отбасыға көмек көрсетілген. Жалпы соммасы 43 млн теңгеге 107 тонна азық-түлік, гигиеналық құралдар, тұрмыстық қажеттіліктегі заттар, дәрі-дәрмек таратылды.  

Мемлекеттік басшысы биылғы жылды еріктілер жылы деп жариялады. Еріктілер жылында Қарағанды облысында «Birgemiz» жоспары құрылып, «Bilim», «Saulyq», «Sabaqtastyq», «Taza Qazaqstan», «Asyl mura», «Qamqor», «Umit» бағыттары бойынша жұмыстартар жасалды. Сондай-ақ, құрамына 400 ерікті кіретін «Saryarqa Jastary» еріктілер штабы құрылды, - дейді Нұржан Жетпісбаев.



Өзгелердің жаңалығы