Жазғы мектептердің жұмысы қалай ұйымдастырылады?

4 Мамыр 2021, 13:30
6368
Бөлісу:
Жазғы мектептердің жұмысы қалай ұйымдастырылады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Білім және ғылым министрлігінің аппарат жиналысында вице-министр Шолпан Каринова жазғы мектептердің жұмысы туралы айтты.

Жазғы мектептің жұмысын тарификация бойынша сағаттары бөлінген мұғалімдер әрі қарай жүргізеді. Сонымен бірге цифрлық репетитор жүргізу де ұсынылады.

Биылғы оқу жылында республика бойынша барлық мектепте электрондық-цифрлық контент жасалды. Сондай-ақ электрон күнделік жүйесін де, басқа да жүйелерді пайдаланып келе жатқан мұғалімдердің сабақтарын қолдану ұсынылады, - деді ол.

Ол жиналыста жазғы мектептердің жұмыстары қалай ұйымдастырылатынына тоқтала кетті.

Жазғы мектепті ұйымдастыру ата-аналардың өтініші негізінде жүзеге асырылады. Жазғы мектептердің негізгі жұмысы оқу үлгеріме төмен немесе төмендеген оқушыларға бағытталуы тиіс, - деп вице-министр атап өтті.

Каринова айтқандай, жазғы мектепке баратын оқушылардан мектеп формасы талап етілмейді. Олар өздеріне ыңғайлы, ұқыпты киім киіп, жазғы мектеп жұмысына қатыса алады.

Жазғы мектептің ұйымдастырылуы жөнінде мектеп директорының бұйрығы дайындалады. Оқу жылының соңына дейін екі апта қалғанда жазғы мектептің жоспары бекітіледі. Бұл жоспармен ата-аналар таныстырылады. Сонымен қатар оқушылардың, сынып комплектілерінің саны, оқыту пәндері бекітіледі, - дейді Каринова.

Оқыту пәндеріне мұғалімдер ең қиын тақырыптарға байланысты ортамерзімдік және күнделікті жоспар жасайды. Одан бөлек, уақытша бағалау журналы жүргізіліп, оқушылардың оқу жетістіктері бағаланып отырылады.

Еске сала кетейік, жазғы мектептердің жұмысы 26 мамырдан 19 маусымға дейін жалғасады.

Өзгелердің жаңалығы