Жеңіс-75: Жамбылдық 500-ге тарта дәрігер майдан даласындағы госпитальдерде еңбек еткен

31 Наурыз 2020, 20:34
2193
Бөлісу:
Жеңіс-75: Жамбылдық 500-ге тарта дәрігер майдан даласындағы госпитальдерде еңбек еткен

Жамбыл облысы, BAQ.KZ тілшісі. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында денсаулық сақтау саласының қызметкерлері де майдан даласынан табылып, ұрыс кезінде, әскери гопитальдерде жарақат алған сарбаздарға, жергілікті тұрғындарға күндіз-түні қызмет көрсетті.

Уақытында көрсетілген жәрдемнің нәтижесінде жарақаттанған жауынгерлер мен офицерлердің дені қатарға қосылып, соғысқа қайтадан араласып жатты.

Бұл жайындағы деректерді жамбылдық профессор, медицина ғылымдарының докторы, белгілі хирург Сағындық Ордабеков айтып берді.

Халықаралық Флоренс Найтингейл атындағы медальдың иегері жамбылдық.png

Оның сөзінше, Ұлы Отан соғысына екі жүз мыңнан астам дәрігер, бір жарым миллионға жуық орта медицина қызметкері алынып, жарақат алған және науқастанған сарбаздарды емдеген. Олардың ішінде еліміздің де денсаулық сақтау мамандары болды. Өмір мен өлімнің арасындағы ұрыста дене жарақатын алған 9 миллионнан аса жауынгер мен офицерге оқ пен оттың, зымырандар мен снариядтардың астында дәрігерлік көмек көрсетілді.

Айта кетерлігі, орта буын медицина қызметкерлерінің 61 пайызын қыз-келіншектер құрады. Майдан даласында еңбек еткен әйел дәрігерлер мен мейірбикелерді көпшілік құрметпен "Майдан періштелері" деп атады. Далалық медсанбаттарда, әскери және тыл госпитальдарында да нағыз қара шаруаны мейірбикелер атқарды. Жарақаттарды емдеу, оларды отаға әзірлеу, ауыр жағдайдағы науқастарды бақылау, санитарлық пойыз-эшелондардағы жарақаттарды тылдағы  госпитальдарға жеткізу және басқа сан түрлі қызмет мейірбикелердің мойнында болды, - деді Сағындық Ордабеков.

Сұрапыл соғыста 85 мың медицина қызметкері жау тылында қалды, жер жастанды, хабарсыз кеткендері де бар. Оның ішінде бес мың дәрігер, тоғыз мың мейірбике мен фельдшер, 23 мың санитар-инструктор, 48 мың санитар болатын. Статистикалық деректерге қарағанда, тек 1941-1943 жылдар аралығында соғыста қайтыс болған медицина қызметкерлерінің саны 22 591-ге жеткен.

Белгілі хирургтің айтуынша, зұлмат кездері шайқастың бел ортасында мыңдаған медицина маманы жарақалы әскерилерге жәрдемдесіп, көпшілігін өлім аузынан алып қалған. Мысалы, жарақат алған жауынгерлердің 72,3 процентін және науқастанғандардың 90,6 процентін емдеп, қайта қатарға қосты. Мұны цифрға айналдырсақ, 17 миллионға жуық адам болады екен.

"Майдан періштелері" жайында сол жылдардағы мерзімді баспасөзден, кино ленталардан, құжаттардан деректер кездестіру қиын емес. Мысалы, Кеңес Одағының Батыры генерал-полковник Давид Абрамович Драгунский сол уақыттары мейірбике қазақ қызы туралы былай деп жазыпты.

Сұмдық  жағдайдың куәгерi болдым. Алға қарай ұмтылған танктiң бiрi қып-қызыл жалынға оранып кетті. Бір уақытта бүйірінде Қызыл Крест белгiлі сөмкесі бар өрiмдей қазақ қызы отқа оранған машинаның қақпағын ашып ішіне кіріп кеттi. Ол осылай ажал апанына төрт мәрте сүңгiп, төрт танкішіні өлімнен құтқарды. Бұл – майдан даласындағы бір ғана көрініс. Ал қаншасы көзге көрінбей, бейнекамераға түспей, баспасөзге жазылмай қалды, - деді медицина  ғылымдарының докторы.
Ол кеңестік денсаулық сақтау мамандары әрбір әскеридің өмірін өздерінің өмірінен жоғары қойғанын да айтты. Олар майдан даласында жарақат алғандарға алғашқы көмек көрсетіп, медпунктер мен госпитальдарға үздіксіз әкеліп отырды. Тіпті, хирургтар мен мейірбикелер ұрыс даласындағы госпитальдарда жатқан, жарақаты ауыр жауынгерлерді борап тұрған қорғасын оқтардн қорғаштап, керек болса өздерінің денелерімен қалқалап, жедел ота жасаған сәттер де аз болмаған. Кей кездері тыным таппай, ұйқы көрмей, тамақтанбай бірнеше тәулік бойына ота үстелінде жұмыс істеген.
Базбір деректер бойынша, соғыс жылдарында республикада 12 мыңнан астам медбике, 45 мың ерікті санитарлық "дружина", 400 санитар маман даярланыпты. Халық арасында белсенді донарлар қозғалысы жүріп, көптеген азаматтар жаралы жауынгерлер үшін қан тапсырды. 1941 жылы Алматы медициналық институтының 437 түлегі дәрігерлік дипломын алғаннан кейін майданға аттанған. Бұл қазақстандық медицина қызметкерлерінің Ұлы Жеңісті жақындатуға үлесі аз болғамағанын айғақтайды, - деді ғалым.

Сағындық Ордабекұлының айтуынша, 1941 жылы бір ғана Жамбыл облысынан 123 денсаулық сақтау маманы әскер сапына алыныпты. Майдан шебіндегі әскери медицина нысандарында да Әулиеатадан барған 500-ге тарта ақ халатты абзал жандар қажырлы еңбек еткен. Олардың көбісі Мәскеу қаласынан Берлин бекінісіне дейін жетіп, Жеңістің туы көтерілгенін көздерімен көрді. Олардың арасында ұзақ жылдар бойы Жамбыл облысындағы орталық ауруханада еңбек еткен хирургтер, терапевтер, мейірбикелер бар.

Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ерен ерлік пен қайтпас қайсарлық көрсеткен орта буын медицина қызметкерлеріне Бүкілдүниежүзілік Қызыл Крест және Қызыл Жарты Ай қозғалысының шешімімен тапсырылатын Ф.Найтингейл атындағы медальмен марапатталғаны ерекше құрметпен аталады. Аталған жоғары наградаға қазақстандық 5 мейірбике ие болған. Олар Шымкент қаласынан Рәзия Ысқақова, көкшетаулық Мария Петровна Смирнова-Кухарская, осы Тараз қаласынан барған Анна Михайловна Дмитриенко мен Вера Широкая-Руденко және павлодарлық Антонина Яковлевна Дмитриева (Глубина) болатын, - деген белгілі дәрігер сол зор құрметке ие болғандардың ішіндегі жамбылдық Анна Михайловна Дмитриенко туралы әңгімелеп берді.

Ол соғыс басталғанда өрімдей жас қыз екен, бар болғаны 18 жаста. Мәскеу, Ленинград, Старая Русса қалаларын қорғаған жауынгерлерге қанатымен су сепкен қарлығаштай қолұшын беріп, жарақаттанғандардың өмірін жанкештілікпен құтқарып қалған. Сөйтіп жүріп 1944 жылы майдан даласында жарақат алыпты. Бірақ, одан кейін қан тапсырып, донор болды.

Соғыстан оралғаннан кейін туберкулезге қарсы күрес диспансерінде 25 жыл еңбек етіп, донор болуын жалғастыра берді. Үйде науқастарды күту бойынша қызметшілер курсын ашып, жастарға дәріс берді және донорлықты насихаттаушлардың бірі болды, - деді Сағындық Ордабеков.
Жамбыл облысының Мойынқұм ауданынан майдан даласына аттанғандардың бірі Раиса Мақашева Алматы мемлекетттік медицина институтын бітірген екен. 1942 жылы өз өтініші бойынша соғысқа кетіп, Балтық жағалауы мен Белоруссия соғыс госпитальдарындағы хирургия бөлімшелерінің меңгерушісі болған. Жарақаттанған солдаттар мен офицерлерге ота жасап, олардың көбісін қайта қатарға қосыпты.

Ол соғысты жеңіспен аяқталған соң да біраз уақыт әскери госпитальдарда қызмет етіп, 1946 жылы елге оралды. Бейбіт жылдары Қазақстан Ұлттық Академиясының Өлкелік патология институтында кіші ғылыми қызметкер, Алматы мемлекеттік медицина институтының тері және венерологиялық аурулар кафедрасында ассистент, доцент, профессор, кафедра меңгерушісі, 1978-1981 жылдары Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты ғылыми-зерттеу институтында директор қызметін атқарды, - деді Сағындық Ордабеков.

Раиса Мақашева медицина институтының тері аурулары кафедрасы меңгерушісі бола жүріп, көп жылдар студенттерге дәріс беріп, мамандар дайындауға өз үлесін қосқан. Дәрігер ІІ дәрежелі "Отан соғысы", "Еңбек Қызыл Ту" ордендерімен және бірнеше медальмен марапатталған. Оған 1966 жылы Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері атағы берілген.

Сағындық Ордабеков 1941 жылғы 19 қыркүйек күні Жамбыл стансасының клубында алғашқы эвакогоспиталь құрылып, соғыстаа рақаттанып вагондармен жеткізілген әскерилерді қабылдағанын да әңгімеледі. Кейін Жамбылдан бөлек, Меркі және Шу стансаларында да 360 орындық әскери госпитальдар ірге қалап, сонымен бірге әлі де қақтығыс болып жатқан елдерден барлығы 1500 орындық 4 әскери госпиталь көшіріп әкелінген. Олар өңірдегі теміржолшылардың мәдениет үйіне, қонақүйлер мен шипажайларда, білім беру ошақтары мен әкімшілік нысандарына орналастырылыпты.

Өңірде жарақат алған жауынгерлер мен офицерлерге көмек көрсетуге бағытталған арнайы комитет ашылып, госпитальдарда жатқан науқастарға айрықша назар аударды. Комитет төрағасы Оспанов республика басшыларына жолдаған хатта госпитальдарда қажетті жабдықтардың жетіспейтіндігі жайлы хабар ете отырып, "...Бір жақсысы, госпитальдарда білікті хирургтер жеткілікті. Олардың арасындағы тәжірибелі дәрігерлер жергілікті тұрғындарға септігін тигізуде" депті. Госпитальдардағы үлкен-кіші дәрігерлер соғыс даласында жараланғандардың тез сауығып, қайта қару ұстауына көп еңбек сіңірді. Негізі, әскери госпитальдарда бірінші, екінші топтың мүгедектері жататын. Олардың да біршамасы жарақаттарының асқынғандығынан қаза тауып, осы қаладағы зираттарға жерленген, - дейді ол.

Айта кетейік, сондай зираттардың бірі бүгінгі Тараз қаласының батыс жағында орналасқан "Қарасу" шағын ауданындағы байырғы қорымның ішінде. кейін оның басына қызыл тастан қашалған құлпытас қойылып, көпшілік тағзым ететін орынға айналды. Госпиталь төсектерінде қаза тауып, жерленген майдангерлердің қорымдары Меркі, Шу, Тұрар Рысқұлов және Жуалы аудандарынан да табылады.

Профессор Жамбыл облысындағы госпитальдарда жергілікті денсаулық сақтау мекемелерінің мамандары да еңбек етіп, науқастардың аяғынан тұруына барынша көмектескенін тілге тиек етті. Тылда тер төккен дәрігерлер мен мейірбикелердің біразы мемлекеттік марапаттарды да еншілеген. Мәселен, дәрігер И.Татаринцев "Еңбектегі ерлігі үшін" медалін алса, Шукина мен Меткина "Денсаулық сақтау ісінің үздігі" төсбелгілерін, он үш адам Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарын иеленген.

Өзгелердің жаңалығы