Бас жаңалықтар
Жеке кәсіпкерлік үшін қандай салық режимін таңдауға болады?
15 Мамыр 2021, 21:48 360

Жеке кәсіпкерлік үшін қандай салық режимін таңдауға болады?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Дара кәсіпкер ретінде тіркелу кезінде жеке тұлға дара кәсіпкер жұмыс істейтін салық режимдерінің бірін таңдауы керек. Дара кәсіпкер үшін қандай салық режимін таңдауға болады және қазір жеңілдігі бар қандай режимдер бар? Бұл туралы ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетіндегілер айтып берді.

Салық кодексінде салықтың жекелеген түрлерін, жеңілдік ставкаларын және салық ауыртпалығын төмендетуге бағытталған басқа тетіктерді есептеу мен төлеудің оңайлатылған тәртібі белгіленген шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін арнайы салық режимдері (ШОБ үшін АСР) қарастырылған.

Шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін арнайы салық режимдерін бірқатар қызмет түрімен айналысатын кәсіпкерлер қолдана алмайды (акцизделетін тауарларды өндіру, сақтау және көтерме сату, бензин, дизель отыны мен мазутты сату, лотереялар өткізу, жер қойнауын пайдалану, шыныдан жасалған ыдыстарды жинау және қабылдау, түсті және қара металдың сынықтары мен қалдықтарын сақтау, өңдеу және сату, консультациялық қызметтер, бухгалтерлік есеп немесе аудит, қаржылық, сақтандыру қызметі және т.б.).


Қазақстанда ШОБ үшін келесі арнайы салық режимдерінің түрлері бар:

- патент негізінде АСР;

- оңайлатылған декларация негізіндегі АСР;

- тіркелген шегерімді қолдану негізіндегі АСР.

Одан бөлек, пандемиядан неғұрлым зардап шеккен салаларда жұмыс жасайтын кәсіпкерлер үшін бөлшек салық арнайы салық режимі енгізілген, ол кәсіпкерліктің шағын және орта кәсіпкерлік субъектілеріне арналған.

Осылардың әрқайсысына жеке-жеке тоқтала кетейік.

Патент негізіндегі арнайы салық режимі

Міндетті шарттары:

- жалдамалы жұмысшылардың еңбегі пайдаланылмайды;

- бір жылдағы кіріс АЕК-тің 3 528-еселенген мөлшерінен аспайды.

Патентті жоғарыда аталған шарттарды орындаумен қатар, жеке кәсіпкерлік түріндегі қызметті жүзеге асыратын, сондай-ақ қызметтің 32 түрінің (такси қызметі, жалға беру және т.б.) біреуін немесе бірнешеуін жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлер қолдануға құқылы.

Жеке табыс салығының ставкасы салық кезеңінде алынған кіріске 1% мөлшерінде қолданылады. Салық есептілігін бір айдан бір жылға дейін кезеңге ұсыну мүмкіндігі қарастырылған. Көбінесе бұл режимді қызмет көрсету, мүлікті жалға беру саласында жұмыс жасайтын салық төлеушілер қолданады.

Оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимі

Міндетті шарттар:

- жарты жылдағы қызметкерлердің орташа саны 30 адамнан аспайды;

- жарты жылдағы табыс АЕК-тің 24 038-еселенген мөлшерінен аспайды.

Жеке табыс салығының ставкасы кірістің 3% құрайды (шығындар ескерілмейді). Салық есептілігі жарты жылда бір рет ұсынылады. Оңайлатылған декларация бюджетке төленуге жататын жеке табыс салығының сомаларын көрсетеді, сондай-ақ жеке кәсіпкер үшін де, жұмыскерлер үшін де төлем көзінен ұсталатын жеке табыс салығы, әлеуметтік төлемдер көрсетіледі.

Режимді негізінен сауда, қоғамдық тамақтану саласында қызмет ететін және басқа қызмет түрлерін ұсынатын салық төлеушілер пайдаланады.

Одан басқа, кіріске үш компонентті интеграцияланған жүйені міндетті түрде қолдана отырып, жеке кәсіпкер қолма-қол ақшасыз есеп айырысу арқылы алған кірістердің 70 048-еселенген АЕК шегіндегі мөлшері кірмейді.


Тіркелген шегерімді пайдалана отырып қолданылатын арнайы салық режимі

Міндетті шарттар:

- жылына жұмыскерлердің орташа саны 50 адамнан аспайды;

- бір жылдағы кіріс 144 184-еселенген АЕК-тен аспайды.

Жылдық жиынтық табыстың 30% мөлшерінде растайтын құжаттарсыз (белгілі бір шарттарды ескере отырып) қосымша тіркелген шегерім беріледі. Сондай-ақ еңбекақы шығындары бойынша берілетін шегерімнен бөлек, салық салынатын табысты еңбекақы төлеу қорынан 100% қосымша кеміту қарастырылған.

Режимді негізінен көтерме және бөлшек сауда қызметін жүзеге асыратын, басқа қызмет түрлерін көрсететін, сондай-ақ құрылыс саласында жұмыс жасайтын салық төлеушілер қолданады.

Бөлшек салық арнайы салық режимі

Бөлшек салық арнайы салық режимін ҚР Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес шағын және орта бизнес субъектілері деп танылған және ҚР Үкіметімен айқындалған тек бір немесе бірнеше қызмет түрлерін жүзеге асыратын салық төлеушілер қолдана алады. (ҚР Үкіметінің 02.02.2021 ж. №30 Қаулысы).

Жеке табыс салығының ставкасы 3% құрайды. Шығыстарды шегеменгендегі кірістер салық салу объектісі болып табылады. Салық кезеңі - күнтізбелік тоқсан.

Бұл режимді 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2 жыл қолдануға болады.

Бірыңғай жеңілдікті ставкамен және ҚҚС пен әлеуметтік салықтан босататын бөлшек салық режимін енгізу бұл пандемиядан неғұрлым көп зардап шеккен экономика салаларында жұмыс істейтін кәсіпкерлік субъектілерін қолдаудың уақытша және қажетті шарасы болып табылады. Ол кәсіпкерлерлдің салық салуын айтарлықтай жеңілдетуге мүмкіндік береді.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...