Желтоқсанға дейінгі мұнай бағасы анықталды

2 Сәуір 2020, 09:32
1608
Бөлісу:
Желтоқсанға дейінгі мұнай бағасы анықталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет желтоқсанға дейінгі мұнайдың бағасын анықтады. Бұл туралы ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов айтты.

Үкімет отырысында министр 2020 жылға арналған макроэкономикалық көрсеткіштер мен бюджет параметрлері болжамын нақтылау және  "Ұлттық қордан 2020-2022 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы" заңға өзгеріс енгізу туралы президент жарлығының жобасын ұсынды. 
Жыл басынан берi мұнай бағасы - 66, металдар - 16, әлемдік биржалық индекстер орташа есеппен 21 пайызға төмендедi. Биылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша мұнай бағасы бір барреліне 22 долларға дейін төмендеді. Осыны ескере отырып, биылғы жылдың сәуір-желтоқсан айларында мұнайдың орташа бағасы бір барреліне 20 доллар деңгейінде анықталды. Доллардың есептік бағамы 440 теңге деңгейінде және жылдық инфляция 9-11 пайыз аралығында есепке алынды. Бағаның төмендеуі аясында мұнай өндіру бойынша болжам 86 млн тоннаға дейін азайтылды. Бұл тау-кен өнеркәсібі өндірісінің төмендеуіне әкеледі, - деді Руслан Дәленов.

Оның айтуынша, өңдеу өнеркәсібінде, ауыл шаруашылығында, құрылыста және көрсетілетін қызметтер секторында, оның ішінде саудада бұған дейін мақұлданған өсу қарқындарымен салыстырғанда төмендеу күтілуде.
Экспорт 16,3 млрд долларға төмендеп, 35,1 млрд долларды құрайды. Импорт 7,5 млрд долларға төмендеп, 26,6 млрд доллар болады. Аталған факторларды ескере отырып, жалпы ішкі өнімнің 0,9 пайызға төмендеуі күтілуде. Номиналды жалпы ішкі өнім 69,7 трлн теңге көлемінде бағаланып отыр.Бұл мақұлданған болжамнан 4,8 трлн теңгеге төмен, - деді  министр.
Өзгелердің жаңалығы