Бас жаңалықтар
Жеңіс күні: Волонтерлер ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне көмектеседі
PHOTO
06 Мамыр 2021, 17:30 360

Жеңіс күні: Волонтерлер ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне көмектеседі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанда Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлерін қолдауға бағытталған «Жеңіс» жобасы 6 жылдан бері жұмыс істеп келеді.


Жылдан жылға жобаның еріктілері өз қамқоршыларына әртүрлі көмек көрсетуді жалғастыруда, олар азық-түлік пен дәрі-дәрмек апарып береді, кішігірім жөндеу жұмыстарын жүргізе алады немесе ауланы тазалай алады.


Бүгінде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша, Қазақстанда 600-ден астам Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері және 88 000-нан астам тыл еңбеккерлері тұрады. 600-ден астам еріктілерден тұратын волонтерлер желісі Нұр-Сұлтаннан бастап Ақсайға дейінгі 35 елді мекенде жұмыс істейді.


Жобаны «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры іске асырады. Еріктілер қатарында компаниялар тобының қызметкерлері мен ҚР белсенді азаматтары бар.

Дәуренбек Ишимов бір жыл бұрын ерікті атанды, ол содан бері 200-ден астам рейд жүргізіп үлгерді. Жас жігіт Орал бекетінде вагондарға техникалық қызмет көрсету пунктінің бастығы болып жұмыс істейді.


Біз көмекке аса мұқтаж ардагерлерді анықтаймыз, оларға азық-түлік себеттерімен барамыз, қажет болған жағдайда тұрмыстық техникамен қамтамасыз етеміз, аумақты және үйді тазалауға көмектесеміз. «Орал жастары» жас белсенділерімен бірлесіп мереке күндері шағын концерттер ұйымдастырамыз, - дейді волонтер.


Бұл шаралар қазіргі карантин талаптарына сай ұйымдастырылып келеді.

Менің ерікті болуымның себебі - өмірде жаңа және қызықты нәрсені жасауға деген талпынысым, ал еріктілік – бұл көптеген қызықты және жаңа эмоция беретін бағыт. Еріктілер ештеңе талап етпейді. Оларға нәтиже маңызды, материалдық емес, адамдардың күлкісі, айналасындағылардың қуанышы, олардың алғысы, - дейді Дәуренбек Ишимов.

Сонымен қатар жоба ұйымдастырушылары науқанның мәнін түсіндіріп берді.


Жобаның мақсаты - ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне тұрақты қолдау көрсету. Біздің еріктілер өз қамқорлығындағы адамдарға жыл бойы барып тұрады, оларға қандай көмек қажет екенін анықтайды. Жалғыз тұратын немесе денсаулығына және әлеуметтік жағдайына байланысты көмекке мұқтаж адамдарға ерекше назар аударылады. Соңғы жылы жоба еріктілері 6 200-ден астам рейд жүргізді, - дейді «Samruk-Kazyna Trust» қорының ресми өкілі Мирас Іргебаев.

Оның айтуынша, 2021 жылы Қазақстан мен ТМД елдері аумағында Екінші дүниежүзілік соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне тегін жол жүруді ұсыну бойынша науқан жалғасуда. 


Айта кету керек, 1-31 мамыр аралығында тыл еңбеккерлері мәртебесі бар қазақстандықтар жасына қарамастан барлығы бірдей науқанға қатыса алады. Ал 1935 жылғы 31 желтоқсаннан кешіктірілмей туған тыл еңбеккерлері жыл бойы тегін жол жүруге құқылы.

Билетті рәсімдеу үшін темір жол кассаларына барып, өзімен бірге жеке басын куәландыратын құжаттың түпнұсқасын және Екінші дүниежүзілік соғыс қатысушысы мен мүгедектігінің куәлігін, ал тыл еңбеккерлеріне арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындау туралы белгісі бар зейнетақы куәлігін алып келу қажет.


Жеңістің 76 жылдығы қарсаңында еріктілер рейдтер жүргізіп, азық-түлік себеттерін ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің есіктеріне дейін жеткізеді. 1400 ардагер мен тыл еңбеккерін құттықтау жоспарланған. Кейбір ауданда еріктілер Екінші дүниежүзілік соғысына қатысушыларға музыкалық құттықтаулар ұйымдастырады, соғыс әндерін шырқайды және музыкалық аспаптарда ойнап ерекше көңіл-күй сыйлайтын болады.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...