Бас жаңалықтар
383,5 гектар жер Алматы меншігіне қайтарылды – Сағынтаев
19 Ақпан 2020, 11:04 623

383,5 гектар жер Алматы меншігіне қайтарылды – Сағынтаев

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қалада әлеуметтік құрылыс пен рекрациялық аймақ үшін жер тапшылығы мәселесі шешілді. Бұл туралы Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев есеп беру кезінде айтты.

Сағынтаев жиын барысында алғаш әкім болып тағайындалғанда жол, мектеп, аурухана, балабақша, емхана, саябақ, гүлзар және қоғамдық демалыс орындарын салу үшін жер тапшылығы мәселесімен бетпе-бет келгенін жеткізді.

Осы мәселені шешу үшін кепілдіктегі жерлерді қайтару мәселесін қойдым. 2019 жылдың 28 желтоқсанында ҚР Үкіметі "Проблемалық несие қоры" АҚ-ның және Kazkom Reality ЖШС-нің жерлерін Алматы меншігіне қайтару жөнінде шешім шығарды. Қайтарылған жер телімінің көлемі 383,5 гектар, - деді әкім.

Сонымен қатар, ол бұл жер телімдері қала үшін маңызды әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда пайдаланылатынын жеткізді. 

Бұлардың бәрі әлеуметтік нысандардың құрылысы үшін беріледі, оның ішінде 7 балабақша, 4 мектеп, оқушылары сарайы, поликлиника, метрополитен, автобекеті үшін 87,44 гектар жер бөлінеді. Әлеуметтік баспана құрылысына 69,69 гектар, транспорттық коммуникацияға 38,33 гектар бөлінді, - деді Сағынтаев.

Оның айтуынша, 2019 жылы жер мәселесі бойынша 6 693 оң шешім шығарылған, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 2 есе жоғары. Үйлері сүрілген 117 үй иесіне өтемақы төленген. Сондай-ақ, Сейфуллин мен Жансүгіров көшелерінің қиылысындағы жол айрығы құрылысы барысында сүрілген 59 үйдің иесіне де өтемақы төленген.

Айта кетейік, Алматы әкімінің есептік кездесуіне 3,2 мың адам қатысып жатыр.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...