Бас жаңалықтар
Жерді пайдаланушылардың көбі қызметкерлерімізден қашады – министр
14 Қазан 2019, 14:33 2845

Жерді пайдаланушылардың көбі қызметкерлерімізден қашады – министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтарып алу бойынша Жол картасы әзірленгенін мәлімдеді. Бұл туралы бүгін Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды. 

Министр ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін өндірістік қызметке тарту бойынша жүктеген тапсырмасын қалай жүзеге асырып жатқанын айтып берді. 

Ведомство басшысының сөзіне сүйенсек, министрлік ауыл шаруашылығы мақсатындағы пайдаланылмай жатқан жерлерді қайтарып алу бойынша Жол картасын әзірлеп, оның аясында пайдаланылмай жатқан жерлерге салынатын салық мөлшерін кезең-кезеңмен көтеруді жоспарлап отыр. 

«Бүгінде Қазақстанда 1,4 млн га суармалы жерлер бар. Егер бұған жоспарланған 610 мың га қосатын болсақ, онда 2021 жылға қарай біз 2 млн га жерге қол жеткіземіз. Ол үшін ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Аталған шараларды іске асыру 2030 жылға қарай суармалы жерлер көлемін 3 млн гектарға дейін арттыруға мүмкіндік беріп, ауыл шаруашылығы өнімдері көлемінің 4,5 есе өсімін қамтамасыз етеді. Ол үшін мемлекет тарапынан барлық қолдау түрлері қарастырылған. Қазір американдық компаниямен әзірге Павлодар облысында деп шамаланған жер суландыратын құрылғыларды шығару бойынша келіссөздер жүргізіліп жатыр», - деді министр. 

Сонымен қоса, пайдаланылмай жатқан жерлер тек сот арқылы алынады. Бұл рәсімге 2-3 жыл уақыт кетеді. Сондықтан да Ауыл шаруашылығы министрлігінің тарапынан егер жерлер пайдаланылмаса, онда жалға алу келісімшартын біржақты ретте бұзу туралы ұсыныстар енгізілуде. Алдағы уақытта жерді пайдаланушыларды тексерудің басталуы мен нәтижелері туралы СМС хабарламалар арқылы хабардар ету тетігі іске қосылады. 

«Жерлерді пайдаланушылардың көбі біздің қызметкерлерімізден қашады, тексеру жүргізу қажеттігі туралы хабарламаларды алғысы келмейді. Сондықтан қазір біз мұның бәрін автоматтандыруды жоспарлап отырмыз, адамдарға СМС хабарламалар келетін болады. Мен бұл ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін де, біздің қызметкерлеріміз үшін де ыңғайлы болады деп ойлаймын», - деп атап өтті Омаров. 

Айта кетейік, бүгінде Жол картасының жобасы мемлекеттік органдардың талқылауында жатыр. Ол жұртшылықпен де пысықталатын болады.



Фото: автордан
Загрузка...