Жұмыс берушілердің ЖОО түлектеріне көңілі тола ма?

30 Қазан 2020, 18:11
3232
Бөлісу:
Жұмыс берушілердің ЖОО түлектеріне көңілі тола ма?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін «Жұмыс берушілердің оқу орындары түлектеріне көңілі тола ма?» деген тақырыпта ҚР Білім және ғылым министрлігіне қарасты ADALBILIM жобалық офисінің алаңындағы тікелей эфирде талқылау өтті.  

Жоғары оқу орнын жаңа бітіріп келген мамандарға көңіліңіз тола ма? деген сауалға «Бәйтерек» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ Басқарушы директоры Әділ Нұрғожин жұмыс беруші ретінде университеттердің беріп жатқан біліміне риза еместігін жеткізді. 

Ол жұмысқа маман алғанда дипломына емес, қолынан қандай іс келетініне мән беретіндерін айтты.   

Жұмысқа тұрған жас маманды тренингтерге қатыстырып, бәрін өзің үйретесің. Оған 1-2 жыл күш-жігеріңді жұмсайсың. Маман ретінде қалыптасу үшін тағы 3 жылдай жұмыс істеуі керек деген тұжырымға келдім. Әсіресе IT мамандығына байланысты беріліп жатқан білімнің керексіз тұстары көп. Менің тәжірибем бойынша, қазіргі IT-мамандардың алып жатқан білімі жұмысқа келгенде мамандыққа тікелей қатысы жоқ болып қалады. 4 жыл бойы университетте оқығаны нарықтағы жұмысына әсері болмайды. Сондықтан техникалық мамандық бойынша білім беріп жатқан университеттердің бағдарламаларының өзектілігін бақылау қажет, – дейді Әділ Нұрғожин. 

Сонымен қатар, «Атамекен» ҰКП Басқарма төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев мамандықтардың 90%-інің рейтингін анықталғанын айтып, университет түлектерінің жұмысқа орналасу көрсеткіші төмендеп кеткенін жеткізді. Алайда бұл пандемияға байланысты болуы да мүмкін дейді.

Білім бағдарламаларының 32%-і ғана жұмыс берушілердің көңілінен шығады, 15,6%-і іске жарамсыз, қалған 52%-і күрделі өзгертуді қажет етеді. 29 университеттің білім бағдарламасының 80%-і өзекті емес. Бір қызығы, дәл осы ЖОО түлектерінің жұмысқа орналасу деңгейі де төмен. «Мобильді жұмыспен қамту орталықтары» жобасы аясында Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында 220 мыңға жуық азаматқа қызмет көрсеттік.  Олардың арасында жоғары және орта білімі бар 25-46 жастағы еңбекке қабілетті адамдар бар.  Бірақ дипломдары жұмыс табуға көмектеспей отыр. Өйткені 45%-інде қоғаммен қарым-қатынас орнату, командамен жұмыс істеу, өз ойын ашық жеткізу, сыни ойлау қабілеті сияқты еңбек дағдылары жоқ. Жұмыс берушілердің айтуынша, оларға оқу барысында ақпаратпен жұмыс істеуді үйретпеген, ресми хат жазып, құжатты дұрыс толтыра да алмайды, - дейді Олжас Ордабаев.
Өзгелердің жаңалығы