Жыр алыбы Жамбылға арналған республикалық айтыс мәресіне жетті – Тараз

27 Ақпан 2021, 06:22
1563
Бөлісу:
Жыр алыбы Жамбылға арналған республикалық айтыс мәресіне жетті – Тараз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Тараз қаласындағы «Баласағұн» концерт залында өткен жыр алыбы – Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық мерейтойына арналған «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым» атты республикалық айтыс мәресіне жетті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.

10 жұп ақынның ішінде 3 жұп ақтық айналымға өтті. Ақтық айқаста жұрт жамбылдық Шапағат Сәбитқызы мен Шұғайып Сезімханның, Еркебұлан Қайназар мен жамбылдық Қанат Мырзаханның, қызылордалық Нұрмат Мансұр мен елдің шығысынан келген Рүстем Қайыртайұлының тартысты өнерін тамашалады.

Жыр додасы қас қарайғанша созылып, халық әртісі Асанәлі Әшімов бастаған қазылар шешімімен бас жүлде Қанат Мырзаханның қанжығасына байланды. Бас жүлде иегеріне облыс әкімі Бердібек Сапарбаев 2 миллион теңгенің сертификатын табыс етті.

Ал бірінші орынға лайық деп танылған Рүстем Қайыртай мен Еркебұлан Қайназаровқа 750 мың теңгеден берілді.

Әрқайсысы 500 мың теңгенің сертификатына ие болған Шапағат Сәбитқызы мен Нұрмат Мансұр екінші орынға табан тіреді.

Павлодар облысының тумасы Аспанбек Шұғатаев, Петропавлдан келген Жарқын Жұпархан, Шұғайып Сезімхан үшінші орынды місе тұтып, оларға 300 мың теңгенің сертификаттары табыс етілді.

3 ақынға ынталандыру сыйлығы берілсе, қалған қатысушылар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталып, ақшалай сыйлыққа ие болды.
Өзгелердің жаңалығы